Абай әлеміне саяхат

Біздің замандастарымыз (жиырма бірінші ғасырға өмір өрмегінің жүзін аударып жеткендер) Абай өлеңдерін бала күнінен мектепте жаттап өсті.
Абай еңбектерін рухани азыққа айналдыру соларға негізінен үш бағытта жүзеге асқан секілді. Бірін мамандығы мәжбүрлесе, енді бірін қызмет бабы Абай атын еске түсіртіп қоятын. Ал енді бірі Абай еңбектерін өздерінің қалауымен оқып, жандарына рухани азық етіп келді. Біз өзімізді соңғы топқа жатқызғалы отырмыз. 
Сол топта жүріп, біз, жасымыз Абай сүрген ғұмырдан асыңқырап кеткен шақта, Абайды тек қана оқып шығу жеткіліксіз екен деген пайымға тоқтадық.
Абайды оқу қажет екен...
Оқығаннан кейін ойланған дұрыс секілді...
Дұрыстап ойланып ал да, ойыңды жария ет...
Біз өзімізді "адам деп, адмгершілік деп" тіршілік ететіндер санатына қосамыз. "Қолымды мезгілінен кеш сермедім" – демекші, біз де кешірек болса да, Абай еңбектерін сана зердесімен пайымдап, ой толғамдары арқылы қабылдап байқағымыз келді. Содан пайда болған түйсікті ойға айналдырып, қағазға түсіріп, түсінігін көпшілік назарына ұсыну қажеттілігін мойындадық.
Біздің еңбегіміздің атақты философтар мен ғалымдардың, Абай мұрасын зерттеушілердің назарына ілігіп, кемшілігі байқалып жатса, біз ешкімнен де кешірім сұрамаймыз. Өйткені, бұл еңбек кәсіби Абай зерттеушісінің еңбегі емес, Абайды өз бетімен оқып, өз түсінігін көпшілік назарына ұсынып отырған көптің бірінің еңбегі.
Осылайша, ойлана, бір шешімге келіп алып, біз Абай әлемін іздеп шықпақ болдық, осы сапарға бел байладық.
Абай әлемін таба аламыз ба?
Кездесе қалсақ, ол әлем бізге есігін аша ма?
Тіпті ашық есікті әлем ішіне ене аламыз ба?
Ол бізге жұмбақ... Дегенмен талпынуды, талап қылуды Абай жақсы көрген... Бізге ондай қайда деп мойымауды тапсырған...
Мойындай кетелік, бұл сапардың алғашқы қадамын басу бізге  қиынға соқты. Қалай ұмтылсам да келіспей тұрған секілді болып, дәлірек айтқанда, өзіме ұнамай көп азаптандым. Кейде бұл саяхатқа аттану маған  мүмкін еместей көрінетін. Қаламды талай рет қолға алып (компьютерді) оқталғанмен, бұл жолға қалай қамдану керек екеніне ой жетпей, меселім қайтып, жабырқап қала беретінмін. "Айылын тартып мінер арғымағың жоқ болса, айдынға жүздірер  желкенің болмаса, бос қиял емес пе, қолың көтерместі білегіңе неге жүк қыласың" деп торығып та кететінмін. 
        
            

Комментариев нет:

Отправить комментарий